Атырауда өткен республикалық айтыстың бас жүлдесі әскери қызметшіге бұйырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі республикалық ақындар айтысында бас жүлдеге ие болды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Атырау қаласында қазақтың көрнекті жырауы Кәрім Қисамеденұлының туғанына 100 жыл толуына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған айтулы додаға еліміздің әр өңірінен келген ақындар қатысып, суырыпсалма шеберліктерін көрсетті.

Айтыс қорытындысы бойынша Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі кіші сержант Фариза Жетпісбай бас жүлдені жеңіп алды.

Фариза Жетпісбай жыр додасында Кәрім жыраудың елдік мұрасын бүгінгі заманмен сабақтастырып, Отан қорғау, әскери қызметтің абыройы, ел қауіпсіздігі және патриотизм тақырыптарын әсерлі жырлады. Оның шығармашылығында әскери борыш пен ұлттық рух үндесіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазылар алқасы әскери қызметшінің айтыстағы шеберлігін, ой тереңдігін және елдік мәселелерді жыр арқылы жеткізу қабілетін жоғары бағалады.

Айтыс нәтижесінде І орынды Нұрасыл Иса, ІІ орынды Батыржан Кәдірбай, ІІІ орынды Ернұр Исахаев иеленді.

Мерейтойлық шара аясында ақындар Кәрім жыраудың шығармашылық мұрасын насихаттап, ұлттық құндылықтар, ел бірлігі, туған жерге деген сүйіспеншілік және ұрпақ сабақтастығы тақырыптарын кеңінен толғады.

Кәрім жыраудың 100 жылдығына арналған жыр додасы қазақтың айтыс өнерін дәріптеп, ұлттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шара ретінде есте қалды.

Бұған дейін Қостанайда айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен жолдасы жол апатынан көз жұмғанын жаздық.