Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 31 желтоқсанда болған.
«Атырау қаласының тұрғынынан полицияға қарт анасының қайтыс болғаны туралы хабар түсті. Шақырту орнына жедел тергеу тобы жетті. Топ құрамындағы криминалистер тексеру жүргізді. Қарт адам жуынатын бөлмеде құлап қалған. Тексеру кезінде 1947 жылғы әжейдің тамыры соғып тұрғаны анықталды. Сол себептен жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Жедел жәрдем бригадасының дәрігерлері әжейдің есеңгіреп қалғанын растады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осылайша, 77 жасқа қадам басқан әжей бір өлімнен аман қалды. Оған полиция қызметкерлерінің аңғарымпаздығы себеп болды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын полицейлер өзеннің мұзы ойылғанда суға түсіп кеткен екі адамды құтқарып қалғанын хабарлаған болатынбыз.