Атырауда саябақ жерін ғимарат салуға берген әкім жұмыстан босатылды

Фото: Айгерім Амантаева / Kazinform

АТЫРАУ.KAZINFORM — Махамбет ауданына қарасты Махамбет ауылдық округінің әкімдігі саябақ аумағын полиция бөліміне арналған жаңа ғимарат салу үшін беріп, шешім шығарған. 

Облыстық прокуратура таратқан ресми мәліметке сүйенсек, Махамбет ауылдық округінің әкімдігі бұл құрылыс үшін заң мен бас жоспарды елемей, 2 гектар алқаптағы жасыл желекті отап тастауға дайын болған.

— Бұл шешім экология және жер кодекстерінің талаптарына қайшы. Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижесінде заңсыз шешімнің күші жойылып, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары, аудандық жер қатынастары мен құрылыс бөлімдерінің басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Махамбет аудандық филиалының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Заңбұзушылықтарға жол берген Махамбет ауылдық округінің әкімі қызметінен босатылды, — деді Махамбет ауданының прокуроры Әділет Нұрбаев.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің сөзінше, осы іс-шаралардың арқасында ауданның экожүйесі мен «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығы сақталды.

Осыған дейін Атырауда мәдениет басқармасы қызметтік үйді үш есе қымбатқа алмақ болғанын хабарладық.