Атырауда шатыры тесік мектептің ғимараты бұзылатын болды
Атырау қаласында шатыры тесік мектептің ғимаратын толығымен бұзу мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, төбесінен су аққан №30 мектеп-гимназиясының ғимаратын жөндеу мәселесі әлі толық шешімін таппаған.
«Білім ордасындағы шатырдың беті тегіс, битум мастикасы құйылған. Күннің ыстығы мен желдің, басқа да сыртқы факторлардың салдарынан шатырдан су ағады. Шатырдың бетон мастикасын алып тастайық десек, бұл мүмкін емес. Өйткені 2-3 жылдан соң тағы су ағуы мүмкін. Түбегейлі қайта жабуды қолға алайық десек, ғимараттың 60 процентіне жарық төбеден түседі. Сыныптар электр жарығынсыз қалады. Мемлекеттік стандарттарға сай келмейді. Енді мектептің ғимаратын толық бұзуды қарастырып отырмыз. Оның орнына жаңа оқу орны салынады», – дейді Жасұлан Бисембиев.
Оның айтуынша, бұл білім ордасы 2002 жылы пайдалануға берілген. Мектепте 54 кабинет бар. Бірақ, 2007 жылы шатырдан су өте бастаған. Биылғы ақпанда аққан судан 40 кабинет жарамсыз болып қалды. Сол себептен, балалар басқа оқу орнында оқып жатыр.
«Мектеп бұзылған соң, оның орнына жаңа білім ордасы салынады. Білім ордасы жабылмайды. Педагогикалық құрам сақталып қалады. Біз жылдар бойы қордаланған мәселені шешуге тырысып отырмыз. Сол себептен, шыдай тұру керек», – деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
Еске салайық, Атырауда төбесі тесік мектептің бастауыш сынып оқушылары онлайн оқуға жіберілгенін жазған болатынбыз.
Кейін шатырынан су аққан мектептің оқушылары өзге білім ордасына ауыстырылғанын хабарладық.