Атырауда шекарадағы 10 ауылға баратын жолға асфальт қашан төселеді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарадағы 10 ауылға баратын асфальт жоқ. Бұл ауылдарда 7 мың жуық адам тұрады.
Жолды жөндеу 4 жылға созылады
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, үш аудандағы ауылдарға жол салынбаған.
— Біздің облыста жолы жоқ елді мекендер Қызылқоға, Исатай және Құрманғазы ауданында бар. Қызылқоға ауданындағы Миялыдан Тайсойған ауылына баратын жолдың құрылысы аяқталды. Исатай ауданында Қызылүй және Жасқайрат ауылдарына жол салу қажет. Қызылүй ауылына дейінгі жолды салатын мердігер анықталды. Биыл жол құрылысы басталады, — дейді Серік Шәпкенов.
Әкімнің дерегіне қарағанда, Құрманғазы ауданындағы № 7 разъезд-Асан-Балқұдық-Сүйіндік бағытына қатынайтын жолдың ұзындығы — 282 шақырым.
— Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі ауылдарда 7 мыңға жуық адам тұрады. Бұл ауылдарға баратын жол кеңес дәуірінде де салынбады. Биыл аталдың жолдың 0-36 шақырымы аралығынжағы жөндеуді бастап, келесі жылы бітіруіміз керек. Қаржысы қарастырылды. Бірақ, жолдың бойында сор және құмды жерлер бар. Сондықтан техникалық шешімдерді күтіп қалдық. Қазір жол құрылысының жобасы аяқтала келді, — деді Серік Шәпкенов.
Жобаға сәйкес жол құрылысы 4 кезеңге бөлінген. Алғашқысы — 0-36 шақырым аралығы. Екіншісі — 36-98, үшіншісі — 98-180, сонан соң 180-282 шақырымын жөндеу көзделген.
Облыс әкімінің мәлім етуінше, қазір бірінші кезеңге сәйкес 10 шақырым жолда жұмыс жүріп жатыр. Жолдың негізгі табаны қырылып-тегістеліп, асфальт төсеуге дайындалған.
— Бұл жолдың құрылысы 4 жылда бітеді. Бірақ 4 жыл бойы жолды күтіп-ұстауға ақша бөлінбейді емес. Себебі, бұрын бұл жолдағы қатынасты үзбеу үшін күтіп-ұстау жұмысына қаржы бөлінбеді. Биыл бұған 169 млн теңге қаралып, күнделікті жұмыс атқарылып отыр, — деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, аталған жолдағы күтіп-ұстау жұмысына ұдайы назар аударылады.
— Жолды күтіп ұстамаса, тез тозады. Қайтадан қаржы бөліп, жөндеу жүргізуге тура келеді. Сондықтан, бұл жұмыс асфальт салынғаннан кейін де жүргізіледі, — деп мәлім етті Серік Шәпкенов.
Ресейге тіке шығатын жол салынуы мүмкін
Болашақта көршілес Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекарасындағы өткізу пунктіне дейін жол салу жайы ойластырылып жатыр.
— Біз Сүйіндік ауылына дейін созылатын жолдан тікелей шекарадағы өткізу пунктіне жол салу мәселесіне назар аударып отырмыз. Бұл жоспарымызды іске асыра слсақ, көрші елмен байланысты одан әрі жандандыратын күретамыр болар еді. Сондықтан осы мәселені Астрахань облысының басшыларымен кездесуде көтердім, — деді Серік Шәпкенов.
Ауыз су тапшылығы туындай ма?
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, көрші елмен шекарадағы ауылдардың түйткілі тек жол мәселесімен шектелмейді.
— Қазір Қоянды су құбырымен ауыз су беріледі. Болашақта су тапшылығы болуы мүмкін деген мәселе туындап отыр. Өңірдегі Қоянды, Тайсойған жерасты су көздеріне зерттеу жүргізуді, мәселен, қосымша ұңғымалар қазуды қарастыра бастадық. Бұл бір жағынан шекарадағы ауылдарда тұрғындардың әлеуметтік жағдайына ықпал етеді. Сондықтан оларға жағдай жасауымыз қажет, — дейді облыс әкімі.
Құрманғазы ауданындағы Қоянды кен орнының жерасты суы 10-27 метр тереңдіктен алынады. Мұнда ұңғымалардың дебиті — 2,3-5,4 литрден 8 литрге дейін.
Судың минералдылығы 0,4-1,5-тен 1,7-4,7 г/литрге дейін құбылып тұрады. Мұнда бұрын су беретін 16 ұңғыма болған. Одан тәулігіне 7,2 мың текше метр су алынған.
Ал 2023 жылы Қоянды топтық су құбыры үшін 6 ұңғыма қазылған. Бұл құбырмен Балқұдық, Сүйіндік, Азғыр, Асан ауылдарына су жеткізіледі.
Әкімдіктің мәліметінше, Сүйіндік-Асан-Үштаған ауылдарына магистральды су құбыры желісі жүргізілген. Жобаның ұзындығы — 102,91 шақырым. Сондай-ақ, Асан ауылындағы тұрғын үйлер үшін 5,9 шақырым, Үштаған ауылында 7,6 шақырым су құбыры тартылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ресеймен шекарадағы 10 ауылға баратын жолда әлі күнге асфальт төселмегенін жазған едік.