Атырауда шенеуніктер ата-анасыз ержетіп жатқан балаларға қамқор болады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда облыстық басқармалар отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін қамқорлығына алады. Әр басқармаға 3-4 баладан бөлінген.  

Фото: Pexels

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі директоры Қасым Мұқашевтің айтуынша, жыл сайын тәрбиеленушілердің саны азайып келеді.

«Былтыр мұнда 62 жеткіншек тәрбиеленген еді. Қазір 49 бала бар. Енді әр басқарманың қамқорлығына жас ерекшелігіне байланысты 3-4 баладан бөліп отырмыз. Мақсат — балаларды қоғамға бейімдеп, жан-жақты жетілуіне қолдау көрсету. Ал, басқармалардың жауапты мамандары ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қала аумағында еркін жүруіне, түрлі әдеби-мәдени іс-шараларға қатысуына көмек көрсетеді. Мамандық таңдауына, жұмысқа орналасуына кеңес береді», -дейді Қасым Мұқашев. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 3 бала бөлінген.

Басқарма мамандары отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барып, балалармен танысты. 

«Біздің басқарманың қамқорлығына берілген 3 баланың екеуі — ұл, біреуі — қыз. Олармен еркін форматта әңгімелестік. Алдағы уақытта балалардың қызығушылығын зерттеп, түрлі іс-шараға қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл — жақсы бастама. Ата-ана қамқорлығынсыз өсіп жатқан балаларға өмірге бейімделуіне көмек болатын бағыт-бағдар бергіміз келеді», -дейді басқарманың бас маманы Берік Кенжеғали.

Еске сала кетелік, былтыр Атырауда​ балалар ауылының директоры жұмысынан шеттетілгенін хабарлаған едік. 

Кейін балалар ауылына жаңа директор тағайындалды.