Өткен аптада өңір басшысының орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен осы мәселеге байланысты арнайы кеңес отырысы өткен еді. Сол кезде өңірдегі жағажайлардың дайын емес екені айтылып, шенеуніктер басталған жұмысты жедел аяқтап, қауіпсіздік шараларын күшейту керектігі туралы тапсырма алды. Бір қызығы, Атырау қаласындағы 3 жағажайды дайындау туралы құны 91 млн 345 мың теңге болатын тендер осы аптаның басында қорытындыланып, тараздық компания 91 млн теңгеге ұтып алды. Алайда тараптар арасында әлі келісімшарт жасалмаған. Өйткені, конкурс нәтижесі шағымдану сатысында тұр.
Облыстық ТЖД ақпаратына сүйенсек, Жайық өзенінің қаладағы Балықшы, Геолог ықшамауданындағы арнайы орындары және Тұрғындар қалашығы ықшамауданындағы Малибу жағажайын ашу жоспарланған. Сонымен қатар, 4 орын Еркінқала, Атырау, Алмалы, Қайыршақты ауылдық округтерінде белгіленген.
Бүгінде биліктің жоспары өзгерді. Жергілікті атқарушы орган жағажайларды дайындау жұмысын бастап, маусым айының соңына дейін аяқтамақ ниетте.
— Жоспарға сәйкес жағажай аумақтарын тегістеу, құм төсеу, жарықтандыру жүйелерін орнату, киім ауыстыру кабиналарын, санитарлық тораптарды және құтқару мұнараларын орналастыру көзделген. Барлық қажетті жұмысты маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жағажайлардың пайдалануға берілуі тек инфрақұрылымдық дайындыққа ғана емес, су айдындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне де байланысты, — деп мәлімдеді Атырау қаласының әкімдігі.
Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі толық тұрақталған жоқ, ағыс қарқыны сақталып отыр, сондай-ақ судың лайлануы жоғары болғандықтан оның тұну процесі аяқталмаған. Осыған байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылуға рұқсат берілген жоқ.
ТЖД мәліметінше, аудандарда да суға түсуге арналған жағажай дайын емес. Жалпы жоспар бойынша төмендегі орындарда суға түсуге рұқсат берілуі тиіс еді.
Жылыой ауданы:
Құлсары қаласындағы Қамыскөл көлінің жағалауында арнайы орын дайындалу қажет.
Индер ауданы:
Жайық өзенінің Индербор кентіндегі орталық көпірдің сол жақ бетінде жаздық жағажай болуы тиіс.
Құрманғазы ауданы:
Қиғаш өзенінің Бірлік ауылдық округінде, Шарон өзенінің Орлы ауылындағы жағалауынан орын қарастырылған.
Қызылқоға ауданы:
Ойыл өзенінің Миялы ауылдық округіндегі тұсынан 2 орын белгіленген. Олар: Этноауыл және Жағалау учаскесі.
ТЖД ресми ақпаратына сүйенсек, 2025 жылы шомылу маусымы кезінде облыс аумағында суға батып кетіп, көз жұмғандар саны 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға азайған. Өткен жылы өңірде 11 адам, оның ішінде 5 бала суға батып кетті. 2025 жылы шомылу маусымында кезінде 7 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылған.
Еске сала кетейік, биыл 25 маусымда Құрманғазы ауданына қарасты Нұржау ауылындағы Шарон өзенінде рұқсат етілмеген жерге 10 жастағы бала суға түсіп, батып кетті.