Атыраудың бас жоспары: қала құрамына 8 елдімекен кірді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының жаңа бас жоспарында су басу қаупі бар аумақтарда, санитарлық-қорғаныш аймақтарында және инженерлік желілердің қорғау белдеулерінде орналасқан нысандарды кезең-кезеңімен мемлекет мұқтажына алып, бұзу қарастырылған.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Бұл мәселе Атырау қаласының қолданыстағы бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын талқылау кезінде айтылды. «Қазгипроград» жобалау институты» ЖШС директоры Ілияс Темірбаевтың мәліметінше, жаңа құжатта су басатын аумақтарда, санитарлық-қорғаныш аймақтарында, электр желілері мен магистральдық мұнай құбырларының қорғау белдеулерінде құрылыс салуға шектеу қойылады.

- Қала құрамына ресми түрде қала маңында орналасқан сегіз елді мекен кіреді. Олар: Еркінқала, Тасқала, Жаңаталап, Қызыл балық, Құрманғазы, Амангелді, Дамбы және Бесікті. Бұған қоса, Бас жоспардың жобасында қала құрылысына қатысты шектеулерді сақтау қарастырылған. Сол себепті су басатын аймақтарда, санитарлық-қорғаныш зоналарында, электр желілері мен магистральдық мұнай құбырларын қорғау аймақтарындағы нысандар кезең-кезеңімен мемлекет мұқтажына алынып, бұзылуы тиіс, - деді Ілияс Темірбаев.

Жобаға сәйкес, жаңа зираттар қала сыртында орналасады. Ол үшін 105 гектар жер телімі қарастырылған. Бас жоспардың тағы бір бағыты – көлік инфрақұрылымын дамыту. Магистральдық көшелердің ұзындығын қазіргі 264,7 шақырымнан 695,1 шақырымға дейін ұлғайту, келесі жылы Солтүстік айналма жолдың құрылысын аяқтау және 12 жолайрық салу жоспарланған.

Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, газ және электр желілерін кезең-кезеңімен жер астымен жүргізу, жер телімдерін беру тәртібін жетілдіру және су бұру жүйесін қайта қарау ұсынылды.

Айта кетейік, Атырау қаласының қолданыстағы бас жоспары 2016 жылы бекітілген. Оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары 2024 жылдың мамырынан бері жүргізіліп келеді. Жобаға сәйкес, қазір халық саны 431 мыңнан асатын қала мен оған іргелес аумақтардың халқы 2040 жылға қарай 600 мың адамға дейін өседі деп болжанып отыр. Осыған байланысты қаланың жобалық аумағы 45 мың гектардан 56 мың гектарға дейін кеңейтіліп, тұрғын үй құрылысы негізінен солтүстік бағытта дамытылады.

Еске салайық, жыл басында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жаңа жоспар аясында Атырау қаласы екі ауданға бөлінуі мүмкін екенін айтқан еді.