Атырауда субұрқаққа құлаған 3 жасар бала көз жұмды

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 3 жасар бала субұрқаққа құлап, қайтыс болды. Оның аяғын циркулярлы насос қысып қалған. 

Оқиға кеше, 26 шілдеде сағат 17:50 шамасында болған. Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Атырау қаласындағы Әйтеке би көшесінде орналасқан 2021 жылғы баланың аяғы субұрқақ ішіндегі циркулярлы насосқа қысылып қалған. Соның салдары 3 жасар бала қаза тапты. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізу басталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 4 жасар бала балабақшаның кәріз құдығына құлап, мерт болған еді. 

Кейін 10 жасар бала «Мұнайшы» стадионындағы бассейнге батып кетті. 

Ал, өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіншее, Атырау облысында жыл басынан бері 6 бала терезеден құлаған.