Өрт Атырау қаласы Еркінқала ауылдық округінен Каспий теңізі бағытына қарай 40 шақырым қашықтықтағы батпақты аумақта тіркелген.
Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, 20:00–дегі жағдай бойынша жану аумағы 34 гектар. Оның 18 гектарындағы қызыл жалынды құтқарушылар сөндірсе, 4 гектар аумақтағы өрт өздігінен тоқтаған.
— Өрт сөндірушілер жануды жою бағытында жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнында Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 65 қызметкері және 15 техникасы жұмылдырылған, — делінген ТЖД хабарламасында.
Қазіргі уақытта қамыс өртінің түтіні Атырау аспанын тұмшалады.
Осы жағдай бойынша өңір басшысы Серік Шәпкеновтің жиналыс өткізді. Әкімдік ақпаратынша, өрт «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан тыс аумақта тұтанған.
— Аймақ басшысы өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүргізуді қамтамасыз етуді, Исатай және Махамбет аудандарының қосымша күштері мен құралдарын жұмылдыруды, «Ақжайық» резерватының күшін тартуды және төтенше жағдаймен күреске жұмылған қызметтердің іс-қимылын үйлестіруді жүктеді. Сондай-ақ оқиға орнында жедел штаб жұмысын ұйымдастыруға тапсырма берілді, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Шығыс Қазақстанда орманға жайылған ірі өрт сөндірілгенін жазған едік.