Кеше қалада болған апат салдарынан 3300 заңды тұлға мен 23 мыңнан астам жеке абонент электр энергиясынан уақытша ажыратылған. Жарық бірнеше сағаттан кейін қайта қосылғанымен, тұрғындардың наразылығы күшейді.
Энергетика саласының мамандары апаттық өшуді бірнеше күн бұрын жауған топырақ аралас жаңбырмен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, жауын-шашын кезінде электр желілеріндегі изоляторларға жиналған шаң мен топырақ ылғалмен қосылып, тоқтың жерге өтуіне себеп болған.
- Электр қондырғыларында арнайы изоляция бар. Бірақ сыртта тұрған изоляторларға шаң, топырақ жиналса, жаңбыр кезінде ол ылғалмен араласып, желіге ақау түсіреді. Соның салдарынан бір әуе желісіндегі 30-40 трансформатор бірден сөнуі мүмкін, – деді «Атырау Жарық» ЖШС бас инженері Қуат Сисенғалиев.
Өңірде 10 мың вольттан 220-380 вольтқа дейін қуат беретін 5600-ден астам трансформатор бар. Оның 1600-і «Атырау Жарық» мекемесінің, 800-і қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің балансында. Қалғаны жекеменшік нысандарға тиесілі. Апаттық жағдайды жоюға «Атырау Жарықтың» 8 бригадасы жұмылдырылған.
Қала әкімдігі жыл сайын желілерді күтіп ұстауға және апатты жағдайларды қалпына келтіруге шамамен 350 млн теңге бөледі. Соған қарамастан, тұрғындар электрмен қамту сапасына көңілі толмайтынын айтады. Өйткені жел күшейіп, жаңбыр жауса, жарықтың өшуі жиілеп кетеді.
Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, қазіргі уақытта желілерді жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Биыл 162 шақырым желіні жаңарту жобасы дайындалған.
- Ескі желілердің бір бөлігі «Атырау Жарық» теңгерімінде. Өз тарапымыздан заманауи кабельдерге ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді бөлімнің бас маманы Аман Латипов.
Биыл «Атырау Жарық» күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 200 млн теңге бөлген. Бұл қаражатқа 717 шақырым электр желісі, 6 қосалқы станция және 60 трансформатор жөнделмек. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама аясында 8 трансформаторлық пунктті толық жаңғырту жоспарланып отыр. Оған 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаментінің дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Атырау Жарық» желілерінің тозу деңгейі 67 пайызға жеткен. Кешегі апаттан кейін аумақтық департамент мекемеге тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр.
30 наурыз кешкілік уақытта Атырау қаласында 9300-ден аса үй жарықсыз қалды.