Атырауда төрт үйдің қасбетін қаптау жұмысы бірінші қабаттан аспай қалды

АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау қаласының орталығындағы төрт көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмысы қаржыландыру мәселесіне байланысты тоқтап тұр. Құны 437 млн теңге болатын жобаның әзірге 60%-ы орындалған.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

Абай көшесіндегі №11, 14А, 16А және 18А үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу жұмысы осы жылдың сәуірінде басталған. Жоба аясында шатырды ауыстыру, ғимараттардың сыртқы қабатын жаңарту, сондай-ақ кіреберістердегі есік-терезелерді ауыстыру көзделген.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

Бұл жұмысқа үш мердігер ұйым жауапты. Қала әкімдігінің мәліметінше, жобаның жалпы құны 437 млн теңге. Қазіргі уақытта оның 317 млн теңгесі игерілген. Алайда қаржыландыруға қатысты мәселелерге байланысты құрылыс-монтаж жұмысы уақытша тоқтап тұр. Бастапқы жоспар бойынша төрт үй қыркүйектің соңына дейін жөнделуі тиіс еді. Алайда олардың сыртын арнайы таспен қаптау жұмысы бірінші қабаттан аспады.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

— Жұмыстарды толық аяқтау үшін қаржыландыру мәселесі жыл аяғына дейін шешіледі деп жоспарланып отыр, — деп хабарлады қала әкімдігі.

Айта кетейік, Атырауда көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырын жаңарту жұмысы бұған дейін де жүргізілген. 2024–2025 жылы Неверов көшесіндегі үш және Қ.Сәтбаев көшесіндегі алты тұрғын үй жөнделді. Тоғыз үйді жаңартуға жалпы 1,2 млрд теңге жұмсалған.

Фото: Нұрбибі Теміртасова

Алдағы жылдары тағы 13 тұрғын үйді күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, құрылыс-монтаж жұмысын 2027–2029 жылдары жүргізу көзделген.

Еске салайық, Атырауда көпқабатты 45 үйді жөндеуге және 67 лифтіні ауыстыруға 3,7 млрд теңге қажет екенін жазған едік. Әзірге бұл қаржы қазынадан қаралмай отыр.

Фото: Kazinform