Атырауда түн ортасында төбелескендер қамауға алынды

Атырауда тез тағам дайындайтын дәмханада екі жігіт арасында жанжал туындаған. Кейін олар көшеге шығып, төбелескен, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: polisia.kz

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жанжал 30 желтоқсанда сағат 00:50 шамасында болған.

«Тез тағам дайындайтын дәмхананың бірінде 1996 және 1999 жылғы екі жігіт жанжалдасқан. Өзара сөзге келіспеген олар көшеге шығып, жол бойында төбелескен. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізіп, құқық бұзушыларды ұстады», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жанжалдасқандар жарақат алмаған. Бірақ, олар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен әкімшілік қамауға алынды. Жинақталған іс құжаттар сотқа жолданады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда түн ортасында топтық төбелеске қатысқан 3 адам ұсталғанын жазған едік.

Кейін мейрамхана алдындағы топтық төбелестен екі бозбала жарақат алғанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырауда колледждің бірінші курсында оқитын студент соққыға жығылды.