Атырауда түнде ауадағы зиянды заттар 15 есе көбейген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ауа құрамындағы кейбір ароматты көмірсутектердің мөлшері түнгі уақытта рұқсат етілген шектен 10-15 есеге дейін артқаны анықталды. Облыстық экология департаменті сасық иіс Атырау мұнай өңдеу зауытынан деп отыр.

Фото: Pixabay

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 31 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Атырау қаласының атмосфералық ауасынан алынған сынамаларда ластаушы заттардың рұқсат етілген шектен асқаны анықталмаған. 

Алайда 5 қыркүйектен 6 қыркүйекке және 6 қыркүйектен 7 қыркүйекке қараған түндері ауа құрамындағы кейбір ароматты көмірсутектердің мөлшері қалыпты деңгейден бірнеше есе жоғары болған.

— Алдыңғы аптада шамамен 608 сынама алынды. Соның 14-інен гигиеналық нормативтен асу фактісі анықталды. Анықталған ингредиенттер — изопропилбензол, диметилбензол және көміртек оксиді, — деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл И
Ысқақова.

Маманның айтуынша, анықталған заттардың адам денсаулығына әсерін бағалау кезінде олардың тыныс алу жүйесіне ықпал етуі мүмкін. Атап айтқанда, бұл заттар бронхиалды астма, жедел және созылмалы бронхит сияқты ауруларына себеп болуы мүмкін.

Өңірдің бас экологы Асқар Жүсіповтің айтуынша, соңғы зертханалық нәтижелер бойынша түнгі уақытта ароматты көмірсутектердің шекті рұқсат етілген концентрациядан асу фактілері тіркелген. Оның сөзінше, атмосфералық жағдай да ластаушы заттардың таралуына әсер еткен.

— 31 тамыздан 7 қыркүйекке дейін күндіз желдің жылдамдығы 20-30 м/с болса, түнгі уақытта оның жылдамдығы 5-7 м/с-ке дейін төмендейді. Ауа температурасының өзгеруі, желдің болмауы, яғни штиль ластаушы заттардың елдімекендерге таралуына әсер етеді, — деді Асқар Жүсіпов.

Экология департаменті анықталған асып кету деректерін Атырау мұнай өңдеу зауытымен байланыстырып отыр. Сондықтан кәсіпопрынға кешенді тексеру жүргізбек. Тексеруге тәуелсіз сарапшыларды тарту жоспарланып отыр. Департаменттің мәліметінше, мұндай тексерісті бастауға кемінде 10 күн қажет.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты кәсіпорынның осы күндері штаттық режимде жұмыс істегенін және апат болмағанын мәлімдеді. Қазір мамандар ауадағы анықталған шығарындылардың зауыт қызметіне қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

— Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет пен экология департаменті Химпоселок елдімекенінде ароматты көмірсутектер бойынша шекті мөлшерден асу фактілерін анықтады. Қазіргі уақытта зауыт қызметтері бұл шығарындылар мен оның нормадан асып кету деректерінің Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысы бар-жоғын анықтап жатыр, — деді «АМӨЗ» ЖШС Еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Арман Димукашев.

Жағдай облыс әкімдігінің қатысуымен өткен жиындарда да талқыланды. Кейінгі күндері өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың басшыларын бірнеше рет жинаған.

Облыс билігі экологиялық бұзушылықтар мен табиғатты қорғау бағытындағы деректерді бір базаға жинақтап, оларды өзара интеграциялауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Атырауда ауа сапасына қатысты ұқсас жағдай қаңтар айының соңында да тіркелген. Сол кезде жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына 520 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Кәсіпорын бұл шешіммен келіспей, айыппұлға қатысты сотқа жүгінген. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Атырауда ауа құрамындағы ластаушы заттардың шекті мөлшерден асуының 69 дерегі тіркелген.