Орталық «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрылымдық бөлімшесі ретінде жұмыс істейді. Жеке мекеме болып ашылған жоқ. Негізгі міндеті — қаланың дамуына қатысты шешімдерді зерттеу нәтижесімен және тұрғындардың қажеттілігімен толықтыру.
Орталықтың жұмысын үйлестіру үшін урбанистер мен сәулетшілерден бөлек, мемлекеттік органдардың, бейінді ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы мен бизнес өкілдерінің қатысуымен консультативтік-кеңесші орган құру көзделген. Ол қалаға арналған жобаларды қарап, жетілдіруге қатысты ұсыныс әзірлейді.
Алғашқы кезеңде мамандар қала көшелерін, жаяу жүргіншілер маршруттарын, өткелдердің қауіпсіздігін, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйін, абаттандыру мен көгалдандыру мүмкіндіктерін зерттемек. Сондай-ақ қолжетімді орта, инклюзия және тас жолдардың байланысы мәселелері де қарастырылады.
Зерттеу барысында тұрғындардың көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді қалай пайдаланатыны бақыланады. Тұрғындармен әңгімелесу және сауалнама арқылы олардың күнделікті маршруттары, қажеттіліктері мен ұсыныстары анықталады.
— Ұзақ мерзімді мақсаттың бірі — Атырау қаласының мастер-жоспарын әзірлеу. Ол қаланың болашақ даму бағытын айқындап, адамдардың онда қалай өмір сүретіні, қозғалатыны және демалатыны туралы ортақ түсінік қалыптастыруға көмектеседі. Бас жоспар аумақтың функционалдық аймақтарын, жоспарлау құрылымын және көлік пен инженерлік инфрақұрылымның негізгі бағыттарын белгілейді. Мастер-жоспар осы кеңістікті адамдардың күнделікті тәжірибесі мен қажеттіліктері тұрғысынан қарастыратын ұзақ мерзімді пайыммен толықтыра алады. Қаланың дизайн-кодын әзірлеу және брендинг бағытын зерделеу де болашақтағы ықтимал жұмыстың қатарында, — делінген әкімдік хабарламасында.
Алғашқы зерттеу бастамаларының бірі — Тұрғындар қалашығы мен Ретро саябақ аумақтарында жаңа кеңістікті дамытуға қатысты жобалау алдындағы кешенді талдау жүргізу. Оның аясында аумақтардың қазіргі пайдаланылуы, жаяу жүргіншілер бағыттары, көгалдандыру мен шағын сәулет нысандарының жай-күйі зерделенеді.Қала билігі Тұрғындар қалашағы аумағындағы 3 саябақ пен кеңістіктерді біріктіретін бірегей жоба жасауды жоспарлап отыр. Жобаны жуықта өткен облыстық мәслихаттың отырысында депутаттарға таныстырды. Атырау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері қолданыстағы саябақтарды қосып, жаңғырту үшін 7 млрд теңге керектігін айтты. Алайда сол кезде депутаттар бастаманың қажеттілігіне күмән келтіріп, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігіне қатысты бірқатар мәселе көтерген еді.
Жобаға сәйкес, саябақ ішіндегі көпірдің орнына қыста мұз айдыны, ал жазда ролледром ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін алаң жасауды жоспарланған. Сондай-ақ кафелер мен террасалары бар гастрономиялық аймақ құрылып, көлікке арналған көпірдің астындағы скейт алаңы жаңартылады. Жоба авторлары сау ағаштарды мейлінше сақтап, қураған және кәрі ағаштарды санитарлық талаптарға сай кесуді немесе алмастыруды көздеп отыр.
Орталық зерттеу нәтижелері бойынша қалалық жобаларды әзірлеуге қатысты сараптамалық ұсыныстар береді. Алайда бұл ұсыныстарды қарау мен іске асырудың нақты тетіктері қосымша айқындалуы қажет.
— Тұрғындарды жұмысқа тарту урбанистикадағы бірлесіп жобалау тәсілінің маңызды бөлігі болады. Зерттеу барысында әлеуметтанушылар мен орталық мамандары тұрғындармен әңгімелесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын жинайды. Сонымен қатар орталық әлеуметтік желілерде өзінің парақшасын ашып, онда жұмысы, зерттеулері, жоспарланып жатқан және жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы ақпарат жариялауды жоспарлап отыр, — деп толықтырды облыс әкімдігі.
2026–2027 жылдары орталықтың жұмысын ұйымдастыру, команда жасақтау, бастапқы деректер жинау және зерттеу басымдықтарын белгілеу жоспарланып отыр. Нақты жобалар мен күтілетін нәтижелер зерттеулердің қорытындысы мен бекітілетін жұмыс жоспарына қарай анықталады.
Бүгінде Атырау қаласының бас жоспары дайындалып жатыр. Оның аясында облыс орталығын екі әкімшілік ауданға бөлу мәселесін қарастырған.
Сондай-ақ жаңа бас жоспарда су басу қаупі бар аумақтарда, санитарлық-қорғаныш аймақтарында және инженерлік желілердің қорғау белдеулерінде орналасқан нысандарды кезең-кезеңімен мемлекет мұқтажына алып, бұзу көзделген.
Атырау қаласы мен ауылдық округтер аумағындағы 26 зираттың жер көлемі бұдан былай ұлғайтылмайды. Бұл шешім облыс орталығының бас жоспарына енгізілетін өзгерістер аясында қабылданбақ.