Департаменттің ғимараты 3 жылдан аса уақыт қаңырап бос тұрды. Осы уақыт аралағында нысан сұрықсыз күйге түскен.
Өйткені құқық қорғау органы 2023 жылдың мамыр айында Нұрсая ықшамауданына салынған жаңа нысанға көшкен еді.
Атырау облыстық әкімдігінің мәліметінше, ғимарат құрылыс басқармасының тапсырысымен жаңғыртылып жатыр. Мердігер жұмысқа қазан айында кіріскен.
Құрылыс басқармасының ақпаратына сүйенсек, 5 қабатты ескі ғимарат жаңартылып қана қоймайды. Оның қасына 4 жеңіл автокөлікке арналған көлікжайы бар спортзал және азаматтарды қабылдау ғимараты салынады. Өйткені, бұл нысан болашақта Атырау қаласының полиция басқармасына берілмек.
- Құрылыс аумағында бұзу жұмысы аяқталып, еден тегістеліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 381 млн теңге. Құрылыс аумағы – 1733,83 шаршы метр. Бас мердігер - «ARSM» ЖШС, - делінген басқарманың жауабында.
Әкімдік бұл жобаны 2027 жылдың шілдесінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Атырауда жарылған электр бағаналарын ауыстыру жұмысы созылып кеткенін жазған едік.