Алға ауылында ұзындығы 3,2 шақырым болатын учаскеде құрылыс-монтаждау жұмысы жалғасуда. Қазір жобаның 55 пайызы орындалған.
Бейбарыс ауылында биыл ұзындығы 1,7 шақырым жағалауды нығайту жұмысы басталды. Құрылыс әзірге бастапқы кезеңде.
Талдыкөл ауылындағы жоба 2025 жылдың желтоқсанында қолға алынған. Мұнда өзен жағасын бетон және темірбетон плиталармен бекіту көзделген.
— Жоба аясында тұрғындардың серуендеуіне арналған жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықтандыру жүйесі орнатылады. Демалыс орындықтарын қою да қарастырылған. Құрылыс жұмысын 2027 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған. Қазір құрылыс алаңында төрт КамАЗ, бір кран және алты арнайы техника жұмыс істеп жатыр, — деді «Павлодар өзен порты» АҚ учаске басшысы Қуандық Жұмабаев.
Бұдан бөлек, Сарайшық, Сарытоғай және Есбол ауылдарында, сондай-ақ Махамбет–Сарытоғай бағытында жағалауды бекіту жобалары әзірленіп жатыр. Бұл учаскелерде жалпы ұзындығы 3,5 шақырым бөгет салу жоспарланған.
Жағалауды бекіту жұмысы өзен суының шайып кету қаупін азайтуға, елді мекендерді қорғауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған дейін елімізде жер сілкінісінен, су тасқынынан және өрттен тұрғын үйді міндетті сақтандыру енгізілетінін жазған едік.