Атырауда Жайық өзеніне бекіренің 2,1 млн шабағы жіберілді

Фото: Балық шаруашылығы комитеті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 2,1 млн шабағы жіберілді. Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл бағалы балықтардың 5 млн шабағын жіберу көзделіп отыр. 

– Атырау бекіре зауытында өсірілген пілмай, бекіре және қортпа балығының 2,1 млн шабағы Жайық өзеніне жіберілді. Бұл 2025 жылға арналған балық ресурстарының өсімін молайту жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылды. Биыл Атырау бекіре балық өсіру зауытынан Жайыққа жіберілетін балық шабақтарының көлемі – 5 млн. Қазір су айдындарындағы балық қорын молайту жұмысы жалғасып жатыр», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Су айдынына балық шабақтарын жіберуді арнайы комиссия бақылады.

Фото: Балық шаруашылығы комитеті

Комиссия құрамында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы мен Атырау облысы әкімдігінің, «Qazaq Balyk» ЗТБ және «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Атырау филиалының өкілдері бар. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бекіре тұқымдас балықтарды өсіретін мамандар тапшы екенін хабарлаған болатынбыз.