Жаңа көпір Атырау қаласындағы Алмалы мен Талғайран елдімекендерін байланыстыратын учаскеде салынып жатыр. Қазір нысанда бұрғылау және қадаларды бетондау жұмысы жүргізілуде.
«ҚазАвтоЖол» ҰК Атырау облыстық филиалының Сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің басшысы Данияр Мырзашевтің айтуынша, жоба бойынша 208 қада орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 40-ы бетонданған. Құрылыс жұмысына 76 адам мен 17 арнайы техника жұмылдырылған.
— Құрылыс тамызда басталды. Қолданыстағы кестеге сәйкес, жұмыстарды 2027 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр, — деді Данияр Мырзашев.
Жалпы ұзындығы 27,5 шақырым болатын Солтүстік айналма жолы транзиттік көлікті қала сыртына бағыттауға арналған. Жоба бойынша Жайық өзені арқылы өтетін көпірден бөлек, Қараөзек арқылы көпір, сондай-ақ бірнеше жол айрығы қарастырылған.
Қазір Атырау–Доссор бағытындағы жол айрығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Атырау–Астрахань, Атырау–Индер және Атырау–Орал бағыттарымен түйісетін учаскелерде жол айрықтары мен реттелетін қиылыстар салу жоспарланған.
Жолдың бастапқы жоспарында құрылысты 2024 жылы аяқтау көзделген. Кейін көпірлердің жобасына өзгерістер енгізілуіне байланысты мерзім 2026 жылға ауыстырылған.
2026 жылдың басында«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ардақ Қайреденов айналма жолдың екі учаскесін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтқан еді.