Атырауда жерді заңсыз пайдаланған шаруа қожалығына 2,5 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында шаруа қожалығының мемлекеттің иелігіндегі жерді заңсыз пайдаланғаны анықталды. Сот шешімімен шаруа қожалығына 2,5 млн теңге айыппұл салынды.

Фото: Kazinform

Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, Атырау облыстық жер ресурстарын басқару департаменті мен Атырау көлік прокуратурасы мемлекеттің иелігіндегі жерді пайдалану бойынша тексеру жүргізген. 

— Тексеру қорытындысымен жерді заңсыз пайдалану дерегі анықталды. Жерді пайдалануға қатысты заң талабын бұзған шаруа қожалығына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабына сәйкес 2 млн 584 мың 400 теңге айыппұл салынды. Шаруа қожалығының сот шешіміне қарсы қойған талаптары қабылданбады, - деп мәлім етті аталған комитеттен.

Сондай-ақ Атырау облыстық жер ресурстарын басқару департаменті шаруа қожалығына Махамбет ауданында орналасқан 100 гектар аумақты игеру туралы ұйғарым берген. Алайда ұйғарым нұсқамасының орындалмаған. Соған байланысты жер учаскесі ҚР Жер кодексінің 94-бабына сәйкес мәжбүрлі түрде қайтарылып алынған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 92 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.