Балалардың терезеден құлау қаупінің алдын алу мақсатында 400-ге жуық рейд ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам тұрғын қамтылған.
Сонымен қатар 634 пәтерге терезеге арналған арнайы қорғаныс бекітпесі орнатылды.
– Баланың терезеден құлап кетуінің алдын алуда ең маңыздысы – оны қараусыз қалдырмау және терезеге арнайы қорғаныс бекітпелерін орнату. Сонымен қатар терезе алдына бала оңай шығып алатын жиһаздарды қоймаған жөн, – деді Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері Нұрсәт Хаберов.
Биылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлерде балалардың терезеге жақындағанын ескертетін арнайы дыбыстық хабарлама жүйесі де орнатылып жатыр. Жүйе домофондағы дыбыстық сигналға ұқсас жұмыс істейді. Бала терезеге жақындаған кезде ата-анаға ескерту беріледі.
Бұған дейін Шымкентте мектеп терезесін жуған мұғалім абайсызда құлап, ауруханаға түскенін жазған едік.