Атырауда жыл басынан бері экологияны ластағандарға 916 млн теңге айыппұл салынды

Фото: Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері Экологиялық Кодекстің сақталуына қатысты 10 тексеру жүргізілген.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің мәліметінше, қоршаған ортаның тазалығын бүлдірген мұнай компанияларына айыппұл салынған.

– Биыл шаруашылық жүргізуші субъектілерге 16 бақылау жүргізілді. Оның ішінде 5 профилактикалық бақылау, жоспардан тыс 10 тексеру бар. Ал 1 тексеру заңнама талаптарына сәйкестігіне қатысты болып отыр. Тексерулердің нәтижесімен экологиялық заңнаманы бұзудың 38 дерегі анықталды. Заң бұзушылықтарды жою үшін 8 нұсқама берілді. Табиғатты бүлдірген компанияларға 916 млн 858 мың теңгенің 86 әкімшілік айыппұлы салынды, -деп хабарлады Асқар Жүсіпов.

Оның айтуынша, бірнеше компанияның қоршаған ортаны ластаған әрекеті жұртшылық арасында резонанс тудырған.

– Қызылқоға ауданындағы Тайсойған кен орнында бұрғылау шламдары тасымалдау кезінде топыраққа төгілді. Осыған байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тапсырыс беруші «Ембімұнайгаз» АҚ-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Компанияға салынған айыппұл көлемі 393 мың 200 теңгені құрады. Ал, мердігер «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС-ға 3 млн 932 мың теңге, субмердігер «Эко-Техникс» ЖШС-ға 589 мың 800 теңге айыппұл салынды, -деді Асқар Жүсіпов.

Биыл наурыз айында Жылыой ауданында орналасқан «Батыс Прорва» кен орнындағы №437 ұңғымадан газ атқылаған еді. Бұл кен орнына «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Жылыоймұнайгаз» басқармасы иелік етеді.

– Департамент қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысымен тиісті өндірістік экологиялық бақылауды жүргізбегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328 және 325-бабына сәйкес әкімшілік істер қозғалды. Қазір бұл істер қаралып жатыр. Мұнай компаниясынан жер бүлдіру дерегімен қысқартылған түрде 1 млн 966 мың теңге әкімшілік әкімшілік айыппұл өндірілді, -деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС мен мердігері «IDOS Services» жеке кәсіпкерлігінің қызметі жоспардан тыс тексерілген. Себеп – вакуум автокөліктерімен белгісіз сұйықтықты арнайы белгіленбеген орындарға төгіп, жерді бүлдіру. Тексерудің нәтижесімен «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-ға 1 млн 081 мың теңгенің қысқартылған әкімшілік айыппұлы салынған.

– «ANACO» ЖШС экологиялық рұқсатсыз шығарындыларды шығару дерегімен салынған айыппұл көлеміне келіспеді. Алайда сот қаулыларымен 897 млн 24 мың теңге көлеміндегі күшінде қалды. Ал «Қожан» АҚ «Морское» кен орнында орналасқан №56 ұңғымадағы апаттық жағдай туралы хабар бермеген. Сол себептен, бұл компанияға 393 мың 200 теңге, апаттық шығарындыларды рұқсатсыз шығару дерегімен 979 мың 778 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде өндірілді, -деп мәлім етті Асқар Жүсіпов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында былтыр табиғатты бүлдірушілерге 42 млрд теңге айыппұл салынғанын жазған едік.