Атырауда жыл басынан бері көлік рөліне отырған 732 мас жүргізуші ұсталды

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында алкогольдік ішімдік ішіп, көлік рөліне отырған жүргізушілер азаймай тұр. Жыл басынан бері осындай 732 жүргізуші ұсталған.

Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция капитаны Азамат Нәжімеденовтің айтуынша, құқық бұзушылар «Мас жүргізуші — қылмыскер» іс-шарасы кезінде анықталған. 

«Мас күйде көлік жүргізу — жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен қатердің бірі. Сол себептен, осындай жүргізушілерді анықтау, жол апатының алдын алу үшін рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мәселен, 17 қарашада түнгі сағат 02:55 шамасында Х.Досмұхамедов көшесінде күдік тудырған Hyundai Elantra автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде рульге отырғаны анықталды. Ал, 18 қарашада таңғы сағат 05:00 шамасында Сәтпаев көшесінде Toyota Camry автокөлігін жүргізген 1992 жылғы ер адам дәл осындай заң бұзушылық жасады», — деп хабарлады Азамат Нәжімеденов.

Оның дерегіне қарағанда, өткен апта ішінде 12 мас жүргізуші ұсталған. Ал, соңғы бір айда осындай 23 жүргізушінің рөлге отырғаны анықталған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 73 адам мерт болып, 858-і жарақат алғанын хабарлаған едік. 

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көлік апатына бірнеше себеп әсер етеді. Біріншіден, жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырады. Екіншіден, жолдың қарсы бағытындағы жолаққа шығады. Үшіншіден, маневр жасау ережелерін қатаң сақтамайды. Жыл басынан бері осындай себептердің салдарынан 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының салдарынан 73 адам көз жұмып, 858 жолаушы түрлі дене жарақатын алған.