Атырауда жол апатынан бір адам оқиға орнында, жүргізуші жедел жәрдем көлігінде көз жұмды

Фото: Фото: Атырау облыстық ПД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында екі көлік соқтығысып, бір жолаушы оқиға орнында мерт болды. Ал жеңіл көліктің жүргізушісі жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғасы бүгін, 9 маусымда болған.

«Түнгі сағат 00:30 шамасында Мақат ауданындағы Доссор кентінен Құлсары қаласына қатынайтын жолдың 92-шақырымы тұсында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол үстінде екі көлік соқтығысты. Оның бірі – жүк көлігі. Екіншісі – Nissan Teana жеңіл көлігі. Жол апатының салдарынан бір адам оқиға орнында қайтыс болды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жеңіл көліктің жүргізушісі жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 4 айда 39 мың жүргізуші жылдамдықты шектен тыс асырғанын хабарлаған едік.