Зираттардың 14-і қала аумағында болса, 12-сі ауылдық округтерде орналасқан. Бұл өзгеріс Атырау қаласының бас жоспарына енгізіліп жатқан түзетулерге байланысты қолға алынбақ. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, зираттардың «жабылуы» ол жерлерде жерлеуге толық тыйым салынады дегенді білдірмейді. Қолданыстағы қорымда орын болса, жерлеу рәсімін өткізуге рұқсат етіледі, яғни тұрғындар бұрынғыдай жақындарын осы зираттарға жерлей алады.
Негізгі өзгеріс — қорымдардың аумағы әрі қарай ұлғайтылмауы. Сонымен қатар санитариялық қорғау аймағын 300 метрден 100 метрге дейін қысқарту жоспарланып отыр. Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй бөлімінің сектор меңгерушісі Мәулен Саламатовтың айтуынша, бас жоспар бекітілгеннен кейін 26 зираттың сыртында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
— Шешім шыққаннан кейін аталған зираттардың айналасына саябақ салу, көгалдандыру жұмысы жүргізіледі. Ол жерлерге тұрғын үй кешендері мен ойын алаңдары салынбайды, — деді Мәулен Саламатов.
Оның сөзінше, Афанасьев көшесіндегі екі-үш адам ғана жерленген шағын қорым, Ашхабадский көшесіндегі осындай зират және мемлекеттік актісі жоқ бірқатар қорым бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіледі. Олардың аумағы қоршалып, санитариялық қорғау аймағы қысқартылады.
Бұған дейін Өркен, Жаңаталап және Кеңөзек елді мекендеріндегі зираттардың аумағы кеңейтілген. Қазіргі таңда бұл қорымдарда жерлеуге арналған орындар бар.
Ал қала билігі болашақта жаңа зират ашу үшін Ақжар-2 ықшамауданының батысынан жер қарастырып жатыр. Бас жоспар бекітілгенге дейін жаңа қорымның нақты аумағы анықталып, қажетті мемлекеттік актілер рәсімделмек.
Атырау қаласының жаңа бас жоспарында су басу қаупі бар аумақтарда, санитарлық-қорғаныш аймақтарында және инженерлік желілердің қорғау белдеулерінде орналасқан нысандарды кезең-кезеңімен мемлекет мұқтажына алып, бұзу қарастырылған.
Сондай-ақ жергілікті билік Атырау қаласын екі әкімшілік ауданға бөлу мәселесін қарастырып жатыр.