Қазан айының соңында әлеуметтік желіде Мақат ауданында ірі қара малдың ауырып, өздігінен жүре алмай қалғаны және мал шығыны тіркелгені түсірілген видео тарады.
Малдың нақты неден қырылғанын анықтау үшін сынамалар алынып, зертханаға жіберілген. Облыстық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, эмфизематозды карбункул ауруынан өлген мал саны тоғызға жеткен. Бүгінде ауырып тұрған ірі қара тіркелмеген.
- Зертхана нәтижесі бойынша қарасан ауруына оң нәтиже анықталды. Аудандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты, жағдай бақылауда. Сонымен қатар аудан бойынша жануарлардың аса қауіпті 8 түрлі ауруына қарсы жоспарлы вакцинация жұмысы жүргізіліп жатыр,-деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Эмфизематозды карбункул немесе қарасан – ірі қара малда кездесетін, жіті өтетін жұқпалы бактериялық ауру. Оны Clostridium chauvoei бактериясы қоздырады. Ауру көбіне бұлшықеттердің ісінуімен, дене қызуының көтерілуімен және малдың тез әлсіреуімен сипатталады. Ем уақытында көрсетілмесе, малдың өліміне әкелуі мүмкін.
Еске салайық, Қазақстанда ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын шетелге шығаруға алты айға тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы және қаржы министрлері тиісті бірлескен бұйрыққа қол қойды.