Атырауда ірі қараның неден өлгені анықталып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Мақат ауданына қарасты «Білеулі ата» учаскесінде ірі қара малдың ауырып, өздігінен жүре алмай қалғаны және мал шығыны тіркелгені түсірілген видео тарады. Малдың неден ауырғаны әзірге белгісіз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы екі малдың өлімі тіркелгенін, зертханалық сараптама жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше ірі қараның жерде жатқанын көруге болады. Үй жануарларының әлсіреп, орнынан тұра алмай қалғаны байқалады.
Атырау облыстық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Мақат ауданында ірі қара мал арасында белгісіз ауру тіркелген. Өлген малдың нақты неден қырылғанын анықтау үшін сынамалар алынып, зертханаға жіберілген.
– Мақат ауданында ірі қара мал арасында тараған ауру салдарынан екі малдың өлімі тіркелді. 28 қазанда өлген екі малдан сынама алынып, зертханаға жолданды. Зерттеу нәтижесі шамамен 3-5 күнде дайын болады, – деп хабарлады басқарма.
Басқарма өкілдері аудан бойынша жануарларға қауіпті деген 8 түрлі ауруға қатысты жоспарлы вакцина салынып жатқанын айтты. Олардың қатарында ірі қара мал арасында кездесетін жұқпалы ауру эмкарға қарсы вакцина да бар.
Аурудың дәл осы түрінің бұл жағдайға қатысы бар-жоғы зертханалық зерттеу нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады.
Жыл соңына дейін Германиядан жалпы құны шамамен 6 млрд теңге болатын 5 мың бас голштин-фриз тұқымды ірі қара әкелу жоспарланғаны жөнінде жазған едік.