Германиядан Қазақстанға құны 6 млрд теңге 5 мың асыл тұқымды мал әкелінбек
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейін Германиядан жалпы құны шамамен 6 млрд теңге болатын 5 мың бас голштин-фриз тұқымды ірі қара әкелу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин Германияның Ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартина Энгльхардт-Копфпен кездесті. Кездесуде екі елдің сауда байланыстарын кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және агроөнеркәсіп саласындағы әріптестікті тереңдету мәселелері сөз болды.
Таласбек Қанафин Қазақстанның Германиямен аграрлық саладағы байланысты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Германия ауыл шаруашылығын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, өсімдік сұрыптары мен мал тұқымдарын асылдандыру, сондай-ақ өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыттарында мол тәжірибе жинақтаған.
— Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы да артып келеді. 2025 жылы агроөнеркәсіп өнімдерінің өзара сауда көлемі 23%-ға өсті. Осы кезеңде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 38%-ға артты. Ал 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға көбейді, — делінген АШМ хабарламасында.
Мартина Энгльхардт-Копф екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтудың, сала мамандарының тәжірибе алмасуының және аграрлық бағыттардағы бірлескен жұмысты жандандырудың маңызын атап өтті.
Сүтті мал шаруашылығы — ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі. KFM жобасы аясында 400-ден астам маман арнайы оқудан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырды. Сонымен қатар сүт өндірушілерге кеңес беріп, оқыту жұмыстарын жүргізетін орталық ашылды.
Орталық Азия елдерінде тұрақты егіншілік тәсілдерін дамытуға арналған өңірлік орталық құру жұмыстары да жалғасып жатыр. Жаңа орталықтың мақсаты — аймақ елдерінің тәжірибе алмасуына жағдай жасау, озық әдістерді кеңінен тарату және жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген заманауи технологияларды енгізуге қолдау көрсету.
— Қазақстан мен Германия арасындағы өндірістік байланыстың тағы бір нақты нәтижесі — CLAAS компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын Қазақстанда шығаруы. Жоба басталғалы бері жалпы құны шамамен 270 млрд теңге болатын 2,1 мыңға жуық техника өндірілді. Бұл отандық машина жасау саласының дамуына серпін беріп, шаруалардың заманауи техникаға қол жеткізуіне мүмкіндік туғызады.
Алдағы уақытта асыл тұқымды мал өсіру, тұқым шаруашылығы, селекция және органикалық ауыл шаруашылығы салаларындағы байланысты кеңейту көзделіп отыр. Жыл соңына дейін Германиядан жалпы құны шамамен 6 млрд теңге болатын 5 мың бас голштин-фриз тұқымды ірі қара әкелу жоспарланған, — делінген хабарламада.
Тұқым шаруашылығында да германдық технологияларға сұраныс артып келеді. Қазақстандық шаруашылықтар мен ғылыми мекемелер Германияның PETKUS компаниясымен бірлесіп, тұқымдық материалды дайындауға арналған 15 техника сатып алды. Сатып алынған жабдықтардың жалпы құны — 2,9 млрд теңге. Жаңа техника тұқымды өңдеу мен дайындау сапасын жақсартуға, сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды жалғастыруға, сала мамандарының тәжірибе алмасуын жандандыруға және агроөнеркәсіптің басым бағыттарында жаңа бірлескен жобаларды қолға алуға келісті.
Екі ел алдағы уақытта ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізуге, өндіріс тиімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға күш салмақ.
Айта кетелік Ақмола облысына Германиядан 165 бас голштин сиыры әкелінді.