Ақмола облысына Германиядан 165 бас голштин сиыры әкелінді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдауымен Ақмола облысында ірі сүт-тауарлы ферма жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоба Ақмола облысы әкімдігі, жеке инвестор және «KOKSHE» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бірлескен қаржыландыруы аясында қолға алынған.
«Burabay Milk» серіктестігі Бурабай ауданында 1440 басқа арналған заманауи сүт-тауарлы ферма, сондай-ақ Щучинск қаласында сүт зауытын салуды жоспарлап отыр.
Жоба аясында жалпы 330 бас асыл тұқымды мал әкелу көзделген.
Компания жоғары өнімді асыл тұқымды табын қалыптастыру жұмыстарын бастап кеткен.
Соның нәтижесінде Германиядан 165 бас голштин тұқымды қашардың алғашқы партиясы арнайы әуе рейсімен жеткізілді.
- Қазіргі уақытта мал карантиндік бақылаудан өтіп, жаңа жағдайға бейімделуде.
Алдағы бір айда ветеринариялық мамандар кешенді зерттеулер жүргізіп, аса қауіпті ауруларға тексеру өткізеді, - делінген ақпаратта.
Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта асыл тұқымды мал басын толықтыру жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін асыл тұқымды сиыр алуға 6 пайыздық несие беру басталғаны хабарланды.