Атыраудағы ең қымбат тендер: әкімдік соттан жеңілді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы арнайы экономикалық аймақтың 400 гектар аумағына инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын салуға арналған 84 млрд теңгеден асатын жобаға қатысты сот дауы мердігердің пайдасына шешілді. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Атырау Innovations» ЖШС-нің келісімшартты біржақты тәртіппен бұзуын заңсыз деп таныды.

Фото: ЖИ

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 25 тамыздағы шешімімен «Alem Qurylys AQ» ЖШС-нің талап арызы толық қанағаттандырылған.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 10 маусымда «Атырау Innovations» ЖШС мен «Alem Qurylys AQ» және «KAZPACO» компанияларынан құралған консорциум арасында нысанды толықтай жобалау және «кілт тапсыру» форматында салу шартымен құрылыс жүргізуге арналған мемлекеттік сатып алу келісімшарты жасалған.

Алайда бес күннен кейін, 15 маусымда «Атырау Innovations» ЖШС келісімшартты біржақты тәртіппен бұзған. Бұған облыс әкімінің серіктестікті тарату туралы қаулысы негіз болған.

Сотта жауапкер тарап келісімшартты бұзу кезінде облыс әкімінің 15 маусымдағы № 107 қаулысы қолданыста болғанын алға тартқан. Осыған байланысты серіктестікті тарату рәсімі басталғандықтан, шарттық міндеттемелерді орындау мүмкін болмағанын түсіндірген.

Алайда сот бұл уәжді негізсіз деп тапты. Іс материалдарында көрсетілгендей, заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәлімет Ұлттық бизнес-сәйкестендіру нөмірлері тізіліміне енгізілгеннен кейін ғана оны тарату аяқталған болып есептеледі. Ал келісімшарт бұзылған кезде «Атырау Innovations» ЖШС мемлекеттік тіркеуде тұрған.

Бұған қоса, 2026 жылғы 16 шілдеде облыс әкімінің № 136 қаулысымен серіктестікті тарату туралы бұрынғы шешімнің күші жойылған. Осылайша, компанияны тарату рәсімі тоқтатылған.

— 2026 жылғы 16 шілдеде Атырау облысы әкімінің № 136 қаулысымен «Атырау Innovations» ЖШС-ні тарату туралы 2026 жылғы 15 маусымдағы № 107 қаулының күші жойылған. Аталған қаулы оған қол қойылған күннен бастап күшіне енген, — делінген сот шешімінде.

Сот отырысына облыс әкімінің аппараты мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері үшінші тұлғалар ретінде қатысқан. Олар талап арыз бойынша шешім қабылдауды соттың қарауына қалдырған.

Ал жауапкер «Атырау Innovations» ЖШС өкілі талапқа қарсы болмаған. Ол серіктестіктің таратылмағанын және келісімшарттық қатынастарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдепті.

Сот шешімімен «Alem Qurylys AQ» ЖШС-нің талабы толық қанағаттандырылып, 2026 жылғы 10 маусымдағы мемлекеттік сатып алу туралы келісімшартты біржақты бұзу заңсыз деп танылды.

Айта кетейік, сот шешіміне апелляциялық шағым беруге бір ай мерзім қарастырылған. Шешім 25 тамызда шыққан.

Соттың келісімшартты бұзуды заңсыз деп тануы жобаның құрылысы бірден басталады дегенді білдірмейді. Сот шешімінде құрылыс жұмысын бастау немесе жобаны іске асыру мерзіміне қатысты нақты міндеттеме жүктелмеген. Негізгі дау келісімшартты біржақты бұзудың заңдылығына қатысты болып отыр.

Бұған дейін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы сот процесі аяқталғаннан кейін мемлекеттік сатып алу рәсімін қайта өткізу мәселесі қаралатынын мәлімдеген еді. 

Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы 2026 жылдың 26 қыркүйегінде сот шешімі заңды күшіне енді.

— Сот шешімін орындау және тараптар арасындағы шарттық қатынастарды қалпына келтіру мақсатында 2026 жылғы 28 қыркүйекте «Атырау Innovations» ЖШС «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-на мемлекеттік сатып алу веб-порталында шарттың қолданысын қалпына келтіру туралы тиісті хат жолдады.6 қазанда «Alem Qurylys AQ» ЖШС-мен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданысы қайта қалпына келтірілді, — деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Әкімдіктің ресми ақпаратына сүйенсек, жобаны одан әрі іске асыру бойынша тиісті жұмыс жүріп жатыр.

Айта кетейік, инженерлік және инфрақұрылымдық жоба «Атырау» арнайы экономикалық аймағының 400 гектар аумағын қамтиды. Мұнда электр, су және газ желілері, кәріз жүйесі, байланыс желілері, автомобиль және теміржол инфрақұрылымы салынуы тиіс.

Бұған дейін Атырауда жарылған электр бағаналарын ауыстыру жұмысы созылып кеткенін жазған едік.