Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ғабит Бабаевтың айтуынша, «Жас құтқарушы» сыныбы — оқушыларды құтқарушы кәсібіне баулудағы алғашқы қадам. Мұнайлы шаһардағы Қ.Қайсенов атындағы №33 орта мектепте ашылған сынып арнайы жабдықталған.
«Өңірдегі алғаш сыныптың Екінші дүниежүзілік соғыстың ержүрек батыры, әйгілі партизан, қазақтың қайталанбас даңқты перзенті Қасым Қайсенов атындағы мектепте ашылғаны көңіл қуантып отыр. «Жас құтқарушы» сыныбын ашудың бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, оқушылардың құтқарушы мамандығына ынтасын ояту. Екіншіден, құтқару ісінің негіздерін, төтенше жағдайларды жою мен зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетудің дағдылары оқытылады. Үшіншіден, оқушылар арасында саламатты және қауіпсіз өмір салты насихатталады»,- дейді Ғабит Бабаев.
Төтеншеліктер «Алғашқы көмек көрсету» бойынша алғашқы сабақты өткізді. «Жас құтқарушы» сыныбының оқушысы Ернар Смадияр болашағын аталған саламен байланыстыруды көздеген.
«Төтенше жағдайлар саласының формасын киіп, «Жас құтқарушы» куәлігін алдым. Осы мамандықты таңдауға көңілім ауып отыр. Үздік оқимын, бокс секциясына қатысамын. Адамзатты тілсіз жаудан құтқаратын, білікті маман болсам деген мақсатым бар»,- дейді «Жас құтқарушы» Ернар Смадияр.
Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ғабит Бабаевтың айтуына қарағанда, «Жас құтқарушы» сыныбының оқушыларына түрлі экскурсия ұйымдастырылады. Сондай-ақ, арнайы сабақтар өткізу жоспарланған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 3 күнде қар құрсауынан 15 адам құтқарылғанын хабарлаған едік.