Атырау облысында 3 күнде қар құрсауынан 15 адам құтқарылды
Атырау облысында 7-10 қаңтар аралығында 15 адам қар құрсауында қалған. Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары қиындыққа тап болғандардың бәрін құтқарды, деп хабарлайды Kazinform.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, алғашқы шақыру Индер ауданынан түскен.
Аудан орталығы – Индербор кентінен үш адам мал іздеуге шыққан. Алайда, олар кері оралмаған.
«Мал іздеуге шыққан үш адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы 9 қаңтарда сағат 23:05-те хабар келіп түсті. Осыған байланысты Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкеркерлері жедел іздестіру-құтқару жұмыстарына тартылды. Жоғалған 1977, 1984 және 1990 жылғы үш жігіт сол күні сағат 08:00-де «Toyota Land Cruiser-100» маркалы автокөлікпен Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы, Жанама ауылына қарай мал іздеуге шыққан. Алайда, олар кері оралмаған, байланысқа шықпаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Далада қалған үш адамды іздеу 10 қаңтарда сәтті аяқталды. Таңғы сағат 05:20 шамасында жоғалған адамдар «Аю» қыстағының маңынан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. «Аю» қыстағы Индербор кентінен 35 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ал, Мақат ауданынан үш жігіт 9 қаңтарда Мақат ауданындағы Доссор кентінен жолға шыққан. Бірақ, олар Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылына жете алмаған.
«Туыстарынан жігіттердің жоғалғаны туралы хабар 10 қаңтарда сағат 00:00-де түсті. Содан бері оларды іздеу тоқтатылған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 11 қаңтарда сағат 03:20-да хабар-ошарсыз кеткен жігіттерді Қызылқоға ауданындағы «Аразмола» уческесінен тапты. Олар Доссор кентінен аталған учаскеге дейін 120 шақырым жол жүрген. Бірақ, жолда көлік батып, байланысқа шыға алмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Далада қалса да көмек келерінен үміт үзбеген жігіттердің үлкені – 39-да, екіншісі – 37 жаста болса, кішісі 1996 жылы туған. Жолаушылардың көлігі батқан Қызылқоға ауданында қыс қаһарына мініп тұр. Қазір мұндағы ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендеген, далада жаяу бұрқасын бар. Желдің екпіні – секундуына 15-20 метр.
«Ауа райының осындай қолайсыздығына қарамастан төтеншеліктер іздеу жұмысын тоқтатқан жоқ. «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағымен әуеден барлау жүргізілді. Құтқарушылармен бірге полиция қызметкерлері мен еріктілерден және туыстарынан құралған үш топ елді мекендерді, қыстақтарды, далалық жолдың қалтарсы тұсын жіті шолып, күні-түні іздеуді жалғастырды», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Кеше, 11 қаңтарда сағат 12:07-де Мақат ауданының тұрғыны №8 Өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне хабарласып, жолда қалғанын айтқан. Екі ер адам Белқұдық елді мекеніне бағыт алғанымен, көлік қарға батып қалған.
«Мақат кентінен 25 шақырым қашықтағы Белқұдық елді мекенінің тұсында «Toyota» көлігі батып қалғаны анықталды. Көліктегі 1956 1969 жлғы екі азамат қауіпсіз жерге эвакуациялады», -деп ақпарат таратты департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мал іздеуге шыққан 3 адам жоғалып кеткенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Атырауда жоғалған үш адамды іздеуге тікұшақ тартылғанын жазған болатынбыз.
Кейін Атырауда жоғалған үш адамды іздеуге тікұшақ тартылды.