Аудан әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, Индербор кенті, Қорғантау учаскесіндегі кен орны жағалауында орналасқан 28 гектар аумақта 2026 жылғы маусымдық кезеңде демалыс қызметін ұйымдастыру мақсатында Индербор кенті әкімдігі мен кәсіпкер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасақталған.
— Меморандумға сәйкес кәсіпкерге аталған аумақтың санитариялық тазалығын қамтамасыз ету, демалысқа қажетті инфрақұрылымды орналастыру, суға түсу кезеңінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, ескерту белгілері мен ақпараттық тақтайшаларды орналастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық және санитариялық заңнамасының талаптарын сақтау міндеттері жүктелген, — деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта кәсіпкер тарапынан аталған аумақта маусымдық қызметті ұйымдастыру және аумақты күтіп ұстау жұмысы жүргізіліп жатыр. Туристердің таңдауы әдетте халық жиі келетін орынға түседі. Күн жылынысымен карьер айналасы қоқысқа толып, көптің наразылығын тудырады.
Карьерді күтіп ұстауға жауапты кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы демалыс орнына кіру үшін тұрақ қызметіне әр машинаға 1000 теңге төлеу керектігін хабарлады. Адам санына ақы алынбайды. Төменге көлікпен түспей жаяу кіруге де болады. Бұл үшін де төлем жасап қажет емес.
— Жаңа екі әжетхана бар. Интернетпен қамтылып жатыр. Душ қызметі қарастырылады. Жабық сәкілер қою жоспарда бар, — деп пікір білдірді Қуат Жанесеев.
Индер ауданында осындай 20-дан аса карьер бар. Кезінде борат өндірілгеннен кейін сол күйінде қалған. Астынан су шығып, арнасы толған.
Бұған дейін атыраулықтар мен туристерге лотосты жұлмау жөнінде ескерту жасалды.