Атыраудағы Жылыой ауданынан 35 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды

Фото: Фото: Атырау облыстық ТЖД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы Жылыой ауданынан 34 998 тұрғын эвакуацияланды. Оның дені – Құлсары қаласының тұрғындары.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне қарағанда, Жылыой ауданында авариялық-құтқару жұмыстары үзіліссіз жүргізіліп жатыр. 

«Жылыой ауданының Құлсары қаласында тұрғындарды эвакуациялау күшейтілген түрде жүзеге асырылуда. Құтқарушылар ауыл тұрғындарын және олардың төрт түлігін қауіпсіз жерге көшіруге көмек көрсетіп жатыр. Ауданнан 9 сәуірдегі мәліметке сәйкес, 34 998 тұрғын эвакуацияланып, қабылдау пункттеріне орналастырылды. Оның ішінде 7 239 бала бар. Елді мекендер тұрғындарының иелігіндегі 19 939 бас мал қауіпсіз жерге айдалды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Қазір Жылыой ауданына еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек келіп жатыр. Осы кезге дейін жеткізілген гуманитарлық көмек 600-ден астам тоннаны құрайды. 

Фото: Атырау облыстық ТЖД

«Су астында қалған тұрғын үйлердің, кәсіпкерлік субъектілеріне иелеріне, тұрғындарға, кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларына су басқан аумақтарға бармауды сұраймыз. Бұл – төтенше жағдайлар орын алмас үшін қажетті қадам», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды

Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атыраудың Жылыой ауданынан эвакуацияланған халық саны 31 мыңнан асқанын жазған болатынбыз

Фото: Атырау облыстық ТЖД