Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы шаңды дауылға байланысты ескерту жарияланғаны туралы ақпарат таратты.
«Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұраймыз. Әсіресе түнгі мезгілде, дауылға байланысты ескерту жарияланған кезде ұзақ сапарға шығудан, алыс жерге жаяу барудан бас тарту қажет. Көлік қозғалысына қойылатын шектеу мен ауа-райы жағдайы туралы «112» байланыс операторынан келетін SMS хабарламадағы ақпаратпен уақытылы танысқан жөн. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 12 желтоқсанда Атырау қаласындағы мектептердің екінші ауысымдағы оқушылары сабақты онлайн оқуға көшірілді.
«Ауа райының қолайсыздығына, желдің ұйытқуы секундына 30 метр болуына байланысты қала мектептерінің оқушылары екінші ауысымда онлайн режимінде оқиды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Жылыой ауданында да мектептердің оқушылары онлайн оқуға жіберілген. Бұл деректі аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова растады.
«Жылыой ауданы бойынша орта мектептердегі екінші ауысымдағы сабақ онлайн режимде өтеді», -деп хабарлады Гүлнафис Айшуақова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мектептерінде бірінші ауысым оқушылары онлайн оқитын болғанын жазған едік.