Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі жоспардың орындалуына талдау жүргізілген.
«Департамент қызметкерлері жүргізген талдау қорытындысымен денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелінің 13 дерегі анықталды. Оның ішінде орындалмаған жұмыс үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорынан қаражат аудару, мүдделер қақтығысы, коммерциялық қызмет көрсету кезінде үшінші тұлғалардың мүддесін қолдау тәуекелі секілді деректер бар. Осыған орай департамент кемшіліктердіжою бойынша жоспар әзірлеп, 21 ұсыныс енгізді. Осы кезге дейін ұсыныстың 12-сі орындалды» деп хабарлады өңірлік департаменттен.
Облыстық қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының мүшелері медицина мекемелерінің кейбір қызметкерлері жұртшылық тарапынан реніш тудыратын, денсаулық сақтау саласының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар жасайтынын жоққа шығармайды.
Мәселен, комиссия мүшесі Салтанат Рахимованың айтуынша, талдау денсаулық сақтау саласында жоюды қажет ететін жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсеткен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында аудандық әкімдіктердің бөлім басшылары заңсыз әрекетке барғанын жазған едік.