Атырау облысында аудандық әкімдіктердің бөлім басшылары заңсыз әрекетке барған

Атырау облысында аудандық әкімдіктердің бөлім басшылары заңсыз әрекетке барған
Фото: 7-su.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау облысының аудандық әкімдіктеріндегі бөлім басшыларының заңсыз әрекеті анықталды. Енді оларға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолданылуы мүмкін. 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облыстық департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінде Мақат және Құрманғазы аудандық әкімдігіндегі бөлім басшыларының тәртіптік ісі қаралды.

«Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы басқа кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу мүмкіндігін шектеген. Басшының бір ғимаратты 60 млн теңгеге сатып алу үшін оған жапсарлас орналасқан нысанның техникалық ерекшеліктерін заңсыз сәйкестендіру арқылы конкурс жариялағаны анықталды. Осылайша, бөлім басшысы тарапынан мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптары өрескел бұзылған. Ал Құрманғазы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы толық аяқталмаған нысанды заңсыз қабылдап алған. Сөйтіп, мердігер мекемеге заңда көзделмеген артықшылық көрсеткен», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шешімімен аталған басшыларға мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол бергені үшін атқаратын лауазымдық қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолдану жөнінде ұсыныс енгізілді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау қаласының экс-әкімі тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберілгенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар