Атырауға БҚО-дан тағы 77 тонна жем жеткізілді
АТЫРАУ.KAZINFORM – Атырау облысына қарасты Исатай ауданына БҚО-дан 77 тонна жем жеткізілді. Бұл жұмысты аудан әкімдігі ұйымдастырды.
Аудан әкімінің орынбасары, Нұрберген Өтегеновтің сөзінше, Аққыстау ауылдық округіне - 59, Жанбай ауылдық округіне 18 тонна жем таратылады. Алдағы уақытта Жанбай, Нарын, Исатай және Зинеден ауылдарына да жем жеткізу жоспарланып отыр.
- Бір қап жем, яғни 25 келісі 2600 теңгеден сатылып жатыр. Тартылған ақ бидай жемін арзан бағада жеткізуге жергілікті кәсіпорындар, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары мен мердігер мекемелер демеушілік көрсетті, - деді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Өтегенов.
Шаруа қожалықтарына - 20, жеке тұрғындарға 10 қапшыққа дейін сатылып жатыр.
Осыған дейін ауданға екі мәрте көрші өңірден жем әкелінген еді. Аудан аумағындағы мал басын қыстан аман алып шығуды мақсат еткендер 8 ақпанда Қамысқала ауылына 39 тонна жем шаруалар мен тұрғындарға таратылған еді.
Бір аптадан кейін осы ауданға қарасты Тұщықұдық ауылының халқы арзан жемге қол жеткізді.
Осыған дейін бұл ауданда ауа-райы салдарынан 50-ден аса жылқы өлгенін жазған едік.