Атыраулық тұрғыннан бекіре, атыс қаруы, марихуана тәркіленді
Атырауда 44 жастағы тұрғыннан бекіре тұқымдас балық, атыс қаруы, марихуана мен психотропты дәрі тәркіленді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті 14 қарашада ұсталған.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында да есірткі заттарын және дәрігердің нұсқауынсыз әсері ауыр дәрілік препараттарды заңсыз сақтады деген күдікпен 1979 жылғы тұрғынды анықтады. Күдікті Атырау қаласындағы «Көктем» ықшам ауданында тұрады. Оның тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде әсері жоғары 996 дана психотропты дәрілер, 29 дана бекіре тұқымдас балық түрі, ішкі істер органдарында тіркелмеген атыс қаруы мен полиэтилен пакетке салынған өткір иісі бар өсімдік тәркіленді. Сараптама қорытындысымен өсімдіктің кептірілген марихуана екені дәлелденді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір полиция қызметкерлері күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда есірткі жасырып, сатумен айналысқан екі күдікті ұсталғанын жазған едік.