Атыраулықтар мен туристерге лотосты жұлмау жөнінде ескерту жасалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өңір тұрғындары мен қонақтарын Қызыл кітапқа енген лотос гүлін жұлмай, табиғатты қорғау талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Фото: “Ақжайық” мемлекеттік табиғи резерватынан

Лотос – мемлекет қорғауындағы сирек кездесетін өсімдік. Оны жұлуға, сындыруға, зақымдауға немесе заңсыз жинауға тыйым салынған.

Мамандардың мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктерді заңсыз жою немесе бүлдіру қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Заң талаптарын бұзғандарға 13 млн теңгеге жуық көлемде айыппұл салынуы немесе заңда көзделген өзге де жауапкершілік қолданылуы мүмкін.

Еске салайық, жуықта Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылы маңындағы Перетаска өзегінің бойынан Қазақстанның Қызыл кітабына енген лотостың табиғи жағдайда өсетін жаңа аумағы анықталған еді.

Гүлдің бұл түрі бұған дейін өңірге қарасты Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені маңында ғана өсетін.