ОРАЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының ғимаратында «Атом» жобасынан ядролық қарусыз әлемге» атты дөңгелек үстел отырысы болды.
Жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Есекенова «Атом» жобасының мән-маңызына тоқталды. Қазіргі таңда аталмыш жобаның онлайн-петициясына облыс әкімдігінің сайтында қол қою жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонан соң Семей ядролық полигоны, еліміздегі бейбіт саясат турасында бейнеролик көрсетілді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша БҚО Семей ядролық полигоны мүгедектері қоғамының төрағасы Мағжан Бисенғалиев пен атом физикасы институты облыстық филиалының директоры Татьяна Агеева баяндама жасады.
Өз кезегінде сөз алған үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қозғалыстарының жетекшілері бүкіләлемдік ядролық қаруға қарсы Астанада өткен халықаралық жиында Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Атом» жобасын қолдайтындарын білдірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).