Аты-жөнін өзгертіп алған қылмыскерді ақмолалық полицейлер Шешенстанда қолға түсірді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола полицейлері биылғы жылдың 6 айында өзге елдердің аумағында 8 қылмыскерді қолға түсірді, олардың бесеуі аса ауыр қылмыс жасаған. Бұл туралы Ақмола облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Мысалы, Шортанды аудандық ІІБ қызметкерлері Қырғыз Республикасының аумағында кісі өлтіргені үшін 9 жылдан бері іздестіруде болған қылмыскерді ұстады. Жедел уәкілдердің айтуынша, 2007 жылдың 26 қарашасында Жолымбет кентінде ішімдік ішу барысында ол танысын пышақтап өлтіріп, денесін ауыл сыртына алып шығып, бензин құйып өртеп жіберген. Жазадан бассауғалап ол ел аумағынан кетіп қалған. Осы уақыт аралығында тәртіп сақшылары оны іздестіруді тоқтатпады. Оның ерекшеліктері көрсетілген құжаттар көрші елдердің ішкі істер органдарына жіберілді. Осы шара қылмыскерді табуға септігін тигізді. Шортанды аудандық ішікі істер бөліміне көрші Қырғыз Республикасының полициясынан күдікті сол ел аумағында жүргені жөнінде хабар келіп жеткен.  Полиция қызметкерлері бірден Бішкек қаласына қылмыскерді құрықтау үшін аттанды.

Тағы да бір ауыр дене жарақатын салғаны үшін іздеуде болған қылмыскер Ресей аумағында қолға түсті. 36 жастағы ер адам 9 жылдан бері іздестірілген. 2007 жылы ол Атбасар қаласындағы дәмханалардың  бірінде болған шағында, жігіттермен төбелесіп қалған, ол қарсыласын таяқпен бірнеше мәрте ұрған. Қылмыс жасаған ол жауапкершіліктен қашып, Шешен Республикасында тығылып жүрген. Осы уақытта ол тегін шешесінің тегіне ауыстырып, әкесінің атындағы бір әріпті өзгерткізіп алған. Алайда бұл оған жазадан қашып құтылуға көмектеспеді.

Ақмола облыстық ІІД-нде арнайы іздестіру тобы құрылды, оның құрамына тәжірибелі іздестірушілер енді, олар Ресей аумағындағы қылмыскерлерді ұстаумен айналысты. Ресейлік әріптестерімен бірге барлық деректер  қоры тексеріліп, сол арқылы бірнеше мәрте көрші елдің аумағында заң бұзған қылмыскердің мекен-жайы анықталды.

Полиция қызметкерлері барлығы 42 қылмыскерді ұстады, оның ішінде 15-і ауыр қылмыс жасаған. Мемлекет аралық қылмыстық іздестіруге келсек, Қырғыз Республикасынан 2 қылмыскер, Ингушетия Республикасынан 2 қылмыскер, Ресей Федерациясы аумағынан 4 қылмыскер анықталып, ұсталды.