НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Беларусь маманы Виталий Жуковский «Атырау» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, В.Жуковский бапкерлік мансабын 2010 жылы «Ислочь» клубынан бастаған.
Осы клубпен ол 5 жылда әуесқойлар командасынан Беларусь жоғарғы лигасына дейінгі жолдан өтті.
В.Жуковский Беларусь жоғарғы лигасының тарихында ең жас бас бапкер (31 жаста) атанды.
2020 жылы ол «Батэ» командасына жетекшілік етіп, Беларусь кубогын жеңіп алды.
Виталий Жуковскийге «Атырау» клубында, сондай-ақ дене дайындығы бойынша жаттықтырушы Андрей Мисюк, бас бапкердің көмекшісі Павел Плют, қақпашылар шеберлігін ұштайтын Юрий Новиков жәрдемдеседі.
«Атырау» командасы премьер-лигада 22 ұпаймен жетінші орында келеді. Атыраулықтар 17-турда 26 тамыз күні Оралда жергілікті «Ақжайықпен» кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан чемпионатында «Ақжайықтың» «Каспийді» 2:0 есебімен жеңгенін жазған болатынбыз .
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).