Атырау кәсіпкерлері қант бағасын 41 пайыз, қарақұмық жармасын 2 есе өсірген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау кәсіпкерлері қант бағасын 41 пайыз, қарақұмық жармасын 2 есе өсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

«Комиссия отырысында өңірге әлеуметтік маңызы бар тауарларды әкелетін көтерме тасымалдаушылар арасында заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысы қаралды. Мәселен, «А» жеке кәсіпкерлігі «Б» жеке кәсіпкерлігінен картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, қарақұмық, тұзды төмендетілген бағамен сатып алған. Алайда бұл азық-түліктерді «Ю» ЖШС-не екі есе қымбатқа сатқаны анықталды. Осыған орай мамандар қолданыстағы заңнама талабына сәйкес шаралар қабылдады», - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аталған комиссияның жүйелі жұмысының нәтижесінде азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірген 9 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар қант өнімдеріне 41% үстеме баға қосып, ауқымды көлемдегі қарақұмық жармасын екі есе қымбатқа сатқан.

«Комиссия мүшелерінің шешімімен Атырау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне алдағы уақытта бағаны тұрақтандыру бойынша жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.

«Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9-бабына сәйкес ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген, өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді», - деп мәлім етті өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда азық-түлік бағасының өсуіне делдалдар себеп болғанын хабарлаған едік.