Атырауда азық-түлік бағасының өсуіне делдалдар себеп болуда

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда делдалдар азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15 пайызға өсіріп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, арнайы комиссия азық-түлік өнімдерін сатудың делдалдық тізбегін анықтау үшін 16 отырысы өткен.

«Комиссия отырыстарының нәтижесінде дүкендерге әлеуметтік маңызы бар сары май, тауық еті және сүт өнімдерін жеткізетін делдалдар үстеме баға 15%-дан асырып жібергені анықталды. Мәселен, кейбір кәсіпкерлер сары майға 82,104% үстеме баға қосып, супермаркет желілеріне сатқан. Аталған кәсіпкерлік субъектісі – делдалмен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Ал, былтырғы қараша-желтоқсан айларында облыста тұз бағасы күрт өскені белгілі болды. Шетелден және басқа өңірлерден тасымалдауға байланысты логистикалық шығындар есебінен тұз бағасы 60 теңгеден 76 теңгеге дейін жетті. Алайда, қазір сауда нысандарында айтарлықтай логистикалық шығындарды талап етпейтін жергілікті тұз орта есеппен 47-55 теңгеден сатылып жатыр», -деп хабарлады Нұрбол Жанабеков.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасын негізсіз өсірген делдалдарға, жалпы құқық бұзушылық жасаған адамдарға ескерту берілген. Мұндай жайт қайталанатын болса, тиісті заңдылыққа сәйкес айыппұл салынады.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына қосылатын үстеме баға 15%-дан аспауы тиіс. Егер үстеме бағаны бұл шектен асып кететін болса, онда оған жауапты тұлға ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес жауапқа тартылады», -деп мәлім етті Нұрбол Жаңабеков.

Еске сала кетелік, Атырау облысының кәсіпкерлеріне 1,9 млрд теңгенің субсидиясы берілетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар