Атырау облысының кәсіпкерлеріне 1,9 млрд теңгенің субсидиясы беріледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырау облысының кәсіпкерлеріне 1,9 млрд теңгенің субсидиясы беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, былтыр кәсіпкерлердің несиесін субсидиялауға 6 млрд теңге бөлінген.

«Атырау облысында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» жоспары жүйелі жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету. Оның ішінде субсидиялау, кепілдеме беру, жеңілдікпен микрокредиттеу, инфрақұрылым құрылысы және мемлекеттік гранттар беру қарастырылған. Былтыр несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 1176 кәсіпкердің 35,6 млрд теңгені құрайтын жобалары субсидияланды. Бұл жобаларда 1636 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, биыл кәсіпкерлерге субсидия беру республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», -деді Нұрбол Жаңабеков.

Оның айтуынша, ұлттық жоба аясында 6 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер беру қарастырылған. Моноқала мен ауылдық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеден аспайтын сомада, ал айналым ақшасын толықтыру үшін кепілзатсыз негізде 5 млн теңгеге дейін 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының басым жобаларының сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, несиелерге ішінара кепіл болу сынды несиелендіру механизмін жүзеге асыру жалғасып жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыруға 1,5 млрд теңге бөлінгенін, сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 15 ауыл дамитынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар