Атырау облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 15 ауыл дамиды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырау облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 15 ауыл көркейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рафик Әбуовтің мәліметінше, мұнайлы өңірде 153 ауыл бар.

«Атырау облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында даму әлеуеті бар 93 ауыл іріктеліп алынған еді. Мәселен, 2019-2022 жылдары аталған бағдарламамен 40 ауыл қамтылды. Үш жылда бюджеттен 24 млрд теңге қаралып, 41 жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты 15, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы 20 нысанды салуға мүмкіндік берді. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 6 нысан жаңартылды. Ал, биыл 15 ауылды дамыту үшін республикалық бюджеттен 5,8 млрд теңге бөлініп, 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деп хабарлады Рафик Әбуов.

Оның айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жылда 768 жұмыс орны ашылған. Мәселен, Мақат ауданында былтыр 2 млрд 36 млн теңгенің 6 жобасы қолға алынған. Оның ішінде 4 жобаның құрылысы аяқталған.

«Доссор кентінде 4 ойын алаңының құрылысы басталады. Оған 288 млн теңге бөлініп отыр. Ал, аудан орталығы – Мақат кентінде стадионның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Стадион футбол, баскетбол, волейбол алаңдарымен қамтылады», - дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыруға 1,5 млрд теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар