Атырау облысында 10 мыңға жуық гектардан бақша дақылдары жиналды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 10 мыңға жуық гектардан көкөніс, бақша дақылдары жиналды. Қысқы мал азығы үшін 19 мың тоннаға жуық шөп дайындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Рүстемовтің айтуынша, биыл егін алқабының көлемі өскен.

«Атырау облысында көкөніс, бақша дақылдары егілген алқаптың жалпы аумағы 10 мың гектардан астамды құрайды. Махамбет ауданы мен Атырау қаласында егін жинау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Осы кезге дейін 10 мың гектарға жуық гектардан көкөніс және бау-бақша дақылдары, мал азықтық өнім жиналды. Оның ішінде 92 мың тоннадан астам көкөніс, 42 мың тоннадан астам бақша өнімі, 28 мың тоннаға жуық картоп бар. Ал, мал азығы дақылдары егілген алқаптың 95,5 пайызынан өнім жиналып, екпе шөптерден 19 мың тоннаға жуық мал азығы дайындалды. Суды үнемдеу технологиясы арқылы өсетін егін алқаптарының көлемі 4 500 гектарға ұлғайды», - дейді Бағдат Рүстемов.

Оның дерегіне сүйенсек, Жылыой, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Мақат, Индер аудандарында егін жинау жұмысы толықтай аяқталған. Ал, Атырау қаласы мен Махамбет ауданында бұл жұмыстың көрсеткіші 98 пайызды құраған. Қазан айының соңына дейін облыс бойынша егін жинау науқаны толықтай аяқталатыны жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық шаруа жүгерінің «пионер» сортынан мал азығын дайындайтынын хабарлаған едік.