Атырау облысында 26 жылдан бері құжатсыз жүрген ауыл тұрғыны жеке куәлік алды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының тұрғыны 26 жылдан кейін жеке куәлік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұратын Эдуард Тарасов 1995 жылдан бері жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген.

Өйткені, 53 жастағы ер адам 26 жыл бұрын жеке куәлігін жоғалтып, кейін оны қайта жасатуға тырыспаған.

«Мен Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғынымын. Бұдан 26 жыл бұрын куәлігімді жоғалтып алдым. Содан бері құжатсыз жүрдім. Жақында Жылыой аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің көмегімен жеке куәлігімді алдым», -дейді Эдуард Тарасов

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың айтуынша, осы кезге дейін Қазақстан Республикасының аумағында жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүрген 169 азамат анықталған.

«Оның ішінде 50 адам КСРО паспортымен жүргені белгілі болды. Ал 51 адамның басқа құжаттарды пайдаланғаны, 67 адамның азаматтығы жоқ деп танылғаны анықталды. Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына байланысты азаматтығы жоқ деп таныған 1 адам ұсталды. Қазірге дейін 148 адамды құжаттандыру жұмысыы жүргізілді», -дейді Қамза Үмбетқалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері түнімен қыдырған 1500 жасөспірім ұсталғанын жазған болатынбыз.