Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына қарағанда, 19 наурызға белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары бекітілген.
«Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 24 желтоқсандағы №130/625 қаулысымен Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша №13 бір мандатты сайлау округінің шекаралары Атырау облысының (орталығы – Атырау қаласы) шекаралары болып айқындалды.
Атырау облыстық мәслихатының 30 депутатының 50% (15 депутат) мажоритарлық жүйе бойынша, 50% (15 депутат) партиялық тізімдермен сайланады.
Ал Атырау қалалық мәслихатының 25 депутаты, аудандардың мәслихаттарының 85 депутаттары толықтай мажоритарлық жүйемен сайланатын болады.
Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда әр деңгейдегі 9 мәслихаттың 140 депутаты сайлануы тиіс», - деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясынан.
Атырау облысында құрылған 365 сайлау комиссиясында 2 429 мүше бар. Оның ішінде 9 аумақтық (63 мүше), 87 округтік (435 мүше), 269 учаскелік (1931 мүше) сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлау комиссияларының құрамдары, орналасқан орындары, сайлау округтері, учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар atyrau.gov.kz интернет-ресурсының «Сайлау» бөлімінде орналастырылған және жергілікті газеттерге жарияланатын болады.
Еске салайық, бұдан бұрын өткен Сенат сайлауында Әлібек Нәутиев жеңіске жеткен болатын.